Астанада «Интеллектуал - 2010» білім сайысы өтті

АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Интеллектуал - 2010» білім сайысының қорытындысы шығарылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Университет жанындағы «Алтын» белгі иегерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен білім бәсекесінде оқуы үздік дарынды жастар экономика, саясат, ғылым және тағы басқа салалар бойынша бақ сынасты. Қызықты да тартысты өткен білім додасының қорытындысы бойынша бірінші орынға «Дипломка» командасы ие болды. Ал «Самұрық» пен «МКМ-11» топтары екінші және үшінші орындарды қанағат тұтты.

«Алтын» белгі иегерлері қауымдастығының төрағасы Ұлықбек Бегімтайдың айтуынша, аталған шара алғаш рет өткізіліп отыр. Осыдан кейін Еуразия ұлттық университетінің атынан шығатын дарынды жастардың біріккен командасы жасақталып, «Интеллектуал» білім сайысын қалалық деңгейде өткізу жоспарланып отыр. «Біздің жоспарымыз бойынша, Астанадағы жоғары оқу орындарының арасындағы «Интеллектуал» қалалық білім сайысы келесі жылы ұйымдастырылады», - дейді Ұ.Бегімтай.