Астанада интернет сапасы Токиодағыдан жоғары: Бағдат Мусин не дейді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Астана интернет жылдамдығы жағынан Токионы басып озады» деген пайымдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Менің ойымша, жыл соңына дейін біз байланыс операторларымен бірлескен жұмыстың нәтижесін көреміз. Бірақ, байланыс сапасына қолданушылардан ақы алып отырған операторлар жауапты. Қазақстандықтар қазіргіден де жоғары сапалы интернетке лайықты. Дегенмен, қазір де байланыс сапасы нашар емес. Шешілуі керек мәселені бірлесіп қарастырамыз, - деді Бағдат Мусин Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифингіде.

Сондай-ақ, министр «елімізде интернет сапасы Токиоға қарағанда жоғары» деген халықаралық агенттіктердің аналитикалық зерттеуіне түсініктеме бере алмайтынын айтты.

Аталған рейтингтерді біз жасамаймыз. Мен өзім Токиода болған жоқпын. Салыстырмалы түрде де айта алмаймын. Бірақ, егер Қазақстанның орташа тұрғын саны мен Токионың орташа тұрғындарына салыстыратын болсақ... Менің пайымдауыма емес, халықаралық зерттеулерге сүйенуіміз керек, - деді ведомство басшысы.

Еске сала кетсек, биыл жазда Бағдат Мусин «Астана интернет жылдамдығы бойынша Токионы басып озды» деген мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, интернет сапасына шағым көп болғанымен, халықаралық рейтингіде Астананың көрсеткіші жақсара түскен.