Астанада Иран армиясының күніне орай ресми қабылдау өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Иран Ислам Республикасының армия күніне орай ресми қабылдау өтті. ИИР-дың Қазақстандағы Елшілігі ұйымдастырған салтанатты рәсімге ҚР ҚК бас штабы басшысының орынбасары генерал-майор Мұхаметжан Таласов, Иранның әскери атташесі Хамза Рухи Кабарег және Елші Моджтаба Дамирчилу мырза қатысты.

Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моджтаба Дамирчилу өз сөзінде Иран қарулы күштері армия күнінің маңызы туралы айтты.

«Бүгінгі күн - Иран Ислам Республикасының мұраттарына адал армия үшін ерекше күн. Армия күні барлық ирандықтар үшін маңызы басым. Әскер күнін ұлықтау Иран мен ирандық құндылықтарды қорғауда өздерін құрбат еткен Иран армиясының жауынгерлеріне тағзым ету болып табылады», - деп атап өтті Елші.

Сондай-ақ, ол Иран Ислам Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың дамуына тоқталды.

«Өзара сенім мен ортақ дамуға негізделген біздің елдеріміз саяси диалогты белсенді қолдап келеді. Түрлі халықаралық және аймақтық мәселелерге бірлікке ат салысудамыз. Оның жарқын үлгілерінің бірі - жақында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иранға сапары барсында 60-тан астам келісімшартпен меморандумдарға қол қойылды. Бұл екі елдің сауда экономикалық қатынастарын одан әрі дамыта түседі», - деді дипломат.

Шара барысында сөз алған ҚР ҚК бас штабы басшысының орынбасары генерал-майор ҚР Қорғаныс министірлігі атынан Иран Қарулы Күштерін армия күнімен құттықтап, екі ел қарулы күштерінің достық қатынасына тоқталды. «Армия елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және дамудың кепілі ретінде мемлекетіміздің ажырамас бөлігі болып табылады. Қазақстан мен Иранның достық қарым қатынастары жақсы дамып келеді. Біз әртүрлі халықаралық ұйымдар, сондай-ақ АӨСШК және ШЫҰ шеңберінде өзара сәтті жұмыстар атқарудамыз. Екі елдің қорғаныс ведомстволары арасындағы ынтымақтастық уағдаластықтардың негізінде қарқынды дамып келеді. Бейбітшілік пен сенімділікті екі елдің Қарулы Күштері арасындағы өзара берік байланыс пен табысты ынтымақтастықты орнату мақсатында елдеріміздің қорғаныс ведомстволары арасындағы байланыс сенімді жалғаса береді деп білеміз»,- деді Мұхаметжан Таласов.