Астанада IV-ші «Kazenergy» Еуразиялық энергетикалық форум өтеді

АНА. Тамыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Үстіміздегі жылғы қыркүйектің 24-25 күндері Тәуелсіздік сарайында IV-ші «Kazenergy» Еуразиялық энергетикалық форум өтеді. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның бизнесті қолдау жөніндегі бас менеджері Серікбек Елшібеков мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осымен төртінші рет өткізілгелі отырған форум биыл қазақстандық мұнайдың 110 жылдығына арналған апталық шеңберінде өтетін болады. IV-ші «Kazenergy» Еуразиялық энергетикалық форумын өткізудегі басты идея Азиядағы энергетикалық ықпалдастық шекарасын кеңейту және энергетика саласындағы серіктестік пен стратегиялық альянстардың рөлін талқылау болып табылады.

Форум барысында сондай-ақ, геосаяси ауқымда энергоресурстарға деген ұсыныстар мен бағаны қалыптастыру, Каспий теңізіндегі оффшорлық операцияларды дамыту жөніндегі Қазақстанның жоспарлары, электрэнергетикасы, мұнай және газ химияларына қатысты жобаларды жүзеге асыру барысындағы тәуекелдердің болу мүмкіндігі мәселелері көтерілмек.

С.Елшібековтың айтуынша, бүгінде Форум мұнай-газ өнеркәсібін дамытудың түйіткілді мәселелеріне арналған мазмұнды кәсіби диалогтар болатын Қазақстандағы ең беделді пікір-талас алаңына айналып үлгерді.

 Қазірдің өзінде Форум қазақстандық және шетелдік энергетикалық компанияларда үлкен қызығушылық тудырып отыр. Оған Қазақстан, Ресей, Франция, Әзірбайжан, Сингапур, Норвегия, АҚШ, Германия, Испания, Түркия барлығы 15 мемлекеттен 800-ден астам делегат қатысады деп жоспарлануда.