Астанада Израиль жазушысы және ақыны Игорь Губерманның шығармашылық кеші өтеді

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - 14 қыркүйекте Астанада Израиль жазушысы және ақыны Игорь Губерманның шығармашылық кеші өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына Назарбаев орталығының баспасөз қызметінен хабарлады.

Шығармашылық кеш барысында жазушы шығармаларынан үзінділер оқып, басынан кешкен оқиғалар туралы әңгімелейді. Ақынның шығармаларымен жақсы таныс жандар оған өздерінің сауалдарын қоя алады.

Игорь Губерман, Израиль ақыны, жазушы 1936 жылы 7 шілдеде Харьков қаласында дүниеге келген. Мәскеу теміржол көлігі инженерлері институтын (МТИИ) тәмамдап, инженер-электрик дипломын алған. Бірнеше жыл бойы мамандығы бойынша жұмыс істейді, бірақ әдебиетті тастамайды. 1979 жылы Губерман жалған айыппен сотталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол лагерьде жүріп күнделік жазады. Айдауда болған жылдары осы күнделіктердің негізінде «Прогулки вокруг барака» («Барак айналасындағы серуендер») (1988 ж. жарияланған) атты кітабын жазған. 1984 жылы ақын Сібірден оралады, бірақ қалада тіркеліп, жұмысқа тұра алмайды. 1987 жылы Губерман КСРО-дан қоныс аударып, 1988 жылдан бері Иерусалимде тұрып жатыр. Ол ақындық кештерге қатысу үшін Ресейге жиі барып тұрады.