Астанада қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов бастаған жалпықалалық сенбілік өтті

СТАНА. Сәуірдіі 24-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Сенбіліктер бюджетке салмақ түсірмеу үшін не болмаса, коммуналдық қызметтердің міндеттерін тұрғындардың иығына арту үшін жасалып жатқан жоқ. Бұл туралы бүгін Астана өткен жалпықалалық сенбілік барысында журналистерге берген сұхбатында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.

И.Тасмағамбетовтың айтуынша, сенбіліктер өз маңыздылығын ешқашан жоғалтпайды. Себебі еуропалық стандарттар бойынша сенбіліктерден арылу үшін, қазақстандықтардың мәдениеті соған сәйкес болуы тиіс. Әкім, сенбіліктерге артта қалған үрдіс ретінде қарау үшін, қала тұрғындары қоқысты кез-келген жерге лақтырмай, оған өз үйіндей қарап, ара-тұра болса да, тазалық жұмыстарын жасап тұру қажеттігін атап көрсетті.

«Қаланың жалпы табысы 70 миллиард теңгені құрайды. Ашып айтқанда, бұл сома ағымдағы шығыстар мен қаланы абаттандыруға байланысты міндеттемелерді қамтамасыз етуге жетпейді. Сондықтан, біз абаттандыруға байланысты барлық шығыстарды толық көлемде қаржыландырып отырмыз деп айта алмаймыз. Бірақ, сенбіліктер бюджетке салмақ түсірмеу үшін не болмаса, коммуналдық қызметтердің міндеттерін тұрғындардың иығына арту үшін жасалып жатыр деуге болмайды. Жалпы, Астана елдің тек әкімшілік-саяси орталығы ғана емес, Астана бұл - жас, қарқынды дамып келе жатқан заманауи қала. Ол өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сондықтан, сенбіліктер қандай да бір материалдық табыс көру мақсатында ұйымдастырылып жатқан жоқ. Мұнда ең алдымен үлкен тәрбиелік мән жатыр», - деді И.Тасмағамбетов.

«Біз - қала тазалығы үшін!» ұранымен өтіп жатқан сенбілікке 75 мыңға жуық елордалық шықты. Сенбілік барысында 2 мыңнан астам ағаш пен 2,5 мың көшет отырғызу көзделуде.

Қала басшысының сөзіне қарағанда, сенбілік барысында 120 қоқыс алаңдары тазаланып, 1,5 мың тонна қоқыс қала сыртындағы полигонға шығарылатын болады.