Астанада қала әкімінің Кубогі үшін республикалық қазақша КВН ойыны өтті

СТАНА. Қыркүйектің 11-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, елордадағы Конгресс-Холл сарайында Астана қаласы әкімінің Кубогі үшін «Бірлігіміз жарасқан» ұранымен республикалық қазақша КВН ойыны өтті.

Бүгінде қазақ тілді КВН - жастардың қызығып ойнайтын, көпшіліктің тамсана тамашалайтын ойынына айналды. Сахна мәдениеті мен шеберлігі, ән мен би, мимика, сөйлеу мәнері, ой ұшқырлығы сияқты өнер атаулының түрлі жанрларын қамтитын аталмыш ойын шығармашыл жастардың шеберліктерін жетілдіре түсіп отырғанын көрсетеді. Жастарда дұрыс қоғамдық пікір қалыптастырып, заманмен қатар даму арқылы өмірде өз орнын дұрыс таба білуге баулиды.

Ойынға барлық облыстардан және Астана мен Алматы қалаларынан ең үздік 14 команда қатысты.

Жастардың қалжындарының басым дені әдеттегідей қоғамдағы түйткілді мәселелерге арналды. Олар салауатты өмір салтын ұстану, мемлекеттік тілді дамыту, өз елінің патриоты болу қажеттігін астарлы, әрі орынды қалжыңдармен жеткізді. Көңілділер мен тапқырлар сондай-ақ, алдағы Ақ Азиаданы да кеңінен насихаттады.

Тартысты өткен бәсекенің нәтижесінде үшінші орынды Арыс қаласының «Арыс» командасы (Оңтүстік Қазақстан облысы) мен Құлсары қаласының «Құлсары құрамасы» (Атырау облысы) өзара бөлісті, екінші орынға - Көкшетау қаласының «Үш жүз» және Астана қаласының «Күлтегін» командалары табан тіреді. Ал бас жүлде - Астана қаласы әкімнің Кубогін Ақтау қаласының «Барыстар» командасы жеңіп алды.

Ойын «Қазақстан КВН Одағы» республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің ұйымдастыруымен Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының, ҚР Мәдениет министрлігінің, Ақпарат және байланыс министрлігінің қолдауымен өтті.