«Биылғы жылы ашық алаңдарда өтетін шаралардың көп болуына байланысты ұйымдастыру жұмыстарына 4 500-ге жуық адам қатыстырылып отыр. Олардың арасында әртістер, сценографтар, хореографтар, сондай-ақ еріктілер бар», - деді Б.Мажағұлов.
Бұл ретте еріктілер, оның айтуынша, ұйымдастыру жұмыстарына тегін қатысады. Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы Астанада қала күнін мерекелеу аясында 70-тен астам шара өтеді. Елорда күнін ресми мерекелеу 4 шілдеде Мемлекеттік туды салтанатты көтеру рәсімінен басталады. Мерекелік шаралар дәстүр бойынша салтанатты отшашуымен аяқталады. Оны қаланың бірнеше бөлігінен, атап айтқанда Есіл өзенінің жағасынан, «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы алаңынан және Абылай хан даңғылы мен Пушкин көшесінің қиылысындағы саябақтан көруге болады.