Мектептер оң және сол жағалауда ашылады. Олардың бірі Түркістан көшесінде орналасқан. Бұл мектеп 1200 орынға есептелген. Екінші мектеп Ш.Қалдаяқов көшесінде ашылмақ.
Астанада сонымен бірге мектепке дейінгі білім беруді дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Себебі, Астана халқының саны жыл сайын өсіп келеді. Ұзақ кезекте тұрмай, әрбір кішкентай астаналықты мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету үшін елордада жыл сайын жаңа балалар бақшасының да саны көбейіп келеді. Бұдан бөлек, Астана күніне орай Панфилов және Торайғыров көшелерінің қиылысында үш қабатты 140 орынға шақталған бөбекжай ашылады. Ол 2 жастан 7 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған. Кішкентай елорда тұрғындарына Нәжімеденов көшесінің бойындағы 190 орындық «BI Village Comfort» атты тағы бір жаңа балабақша да тосын сый етілмек. Бұл ғимарат та үш қабатты. Айта кетейік, қазіргі таңда Астананың жалпы білім беру мекемелерінің жүйесінде 84 мектеп бар, оның 72-сі - мемлекеттік мектептер, 12-сі - жекеменшік болып табылады. Онда 94 712 оқушы білім алып, 6038 ұстаз жұмыс жасайды. Қалада жалпы 148 балабақша мен 25 шағын орталық бар. Оларға барлығы 33 164 бала барады.