Астанада Қала күніне орай 3 ауқымды фестиваль өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу аясында 1-6 шілде аралығында Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы  елордалық Мәдениет басқармасының қолдауымен 3 ауқымды фестиваль өткізеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары «Шашу» халықтық биі ансамблінің ІІ Халықаралық фестиваліне, «Астана Самалы» атты VIII Халықаралық үрмелі оркестр фестиваліне, «Серпер» қазақ халық аспаптар оркестрі республикалық фестивалінің мерекелік бағдарламасына көзайым бола алады.

Биыл «Шашу» халықтық биі ансамблінің Халықаралық фестивалі қалалық алаңда 1-3 шілде аралығында өткізіледі. Фестивальге Қазақстанның жетекші ұжымдары қатысады, атап айтқанда: «Шалқыма», Астана; «Назерке», Орал; «Томирис», Қызылорда, «Алтынай», Талдықорган), сондай-ақ Қырғызстанның («Ақмарал»), Башкирия мемлекетінің (Стерлитамак мемлекеттік би ансамблі), Ресейдің («Огоньки»).

Өткізгелі отырған Үрмелі аспаптар оркестрінің фестивалі аясында Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының ұжымы, оған қоса ҚР Ұлттық гвардиясының оркестрі, Петропавл Ұлттық гвардия институтының үрмелі аспаптар оркестрі, Орынбор (Ресей) қаласы муниципалдық үрмелі аспаптар оркестрі өз өнерлерін паш етеді.

Концерт 4 шілдеде «Бәйтерек» монументі алдында сағат 21.00-де ашылады. 5 шілдеде сағат 10.00-де түрлі  ұжымдар қаланың орталық саябақтары мен өзге де алаңдарында мерекелік бағдарламасын ұсынады. Сол күні, 5 шілдеде сағат 19.30-да «Бәйтерек» монументі алаңының сахнасында бэнд-марафон өтеді. 6 шілдеде сағат 10.00-де Республика даңғылы бойынша Әскери-тарихи мұражайынан бастап «Жастар» сарайына дейін жалғасатын парадта «Астана Самалы 2017» фестивалінің барлық ұжымдары өнер көрсетеді.  Сол күні, 6 шілдеде сағат 16.00-де әкімдіктің алдындағы алаңда барлық оркестрлердің  плац-концерті өтеді.

«Серпер» қазақ халық аспаптар оркестрінің V республикалық фестивалі 4-6 шілде аралығында өтеді. Фестивальдің ашылуы 4 шілде күні сағат 19.00-де «Бәйтерек» монументі алаңында болады. 5 шілдеде Астаналық, Студенттік және «Жерұйық» саябағында сағат 11.00-ден бастап фестиваль қатысушыларының концерті басталады. Сол күні, яғни 5 шілдеде сағат 17.00-де «Бәйтерек» монументі алаңында «Күй керуен» концерті басталады, көрермендер Ақтөбе қаласының Ғ. Жұбанова атындағы халықтық аспаптар оркестрінің, Қарағанды қаласының Тәттімбет атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі мен Новосібір қаласының Орыс академиялық оркестрінің мерекелік бағдарламасымен таныс болады.

6 шілдеде сағат 13.00-де қалалық алаңда Астана күніне арналған «Серпер» қазақ халық аспаптар оркестрі V республикалық фестивалінің гала-концерті өтеді. Гала-концертте көрермендер «Серпер» және «Сарыарқа» оркестрінің ең танымал күйлерін тыңдай алады. Олар дирижер Айтқали Жайымовтың басқаруымен 200 музыканттың түрлі аспаптармен сүйемелдеуінде өнер көрсетпек.