Астанада қала сәулетіне сай келмейтін ескі және апатты жағдайдағы үйлер толықтай бұзылады - Ә.Жақсыбеков

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы Астанада 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен елорданың дамуына қатысты жиында хабарлады.

«Биыл біз 2 миллион шаршы метр тұрғын үй саламыз. Тапсырмаға сәйкес, құрылыс үш негізгі бағыт бойынша жүргізілуде, ол: Мың жылдық аллеясы, Орынбор көшесі мен Тұран даңғылы. Сонымен қатар Астананың архитектуралық келбетіне және жоспарына сай келмейтін, ескі және апаттық жағдайдағы үйлерден толықтай арылу міндеті де бар», - деп атап өтті әкім.

Оның сөзі бойынша, ол қаланың үлкен мәселесіне айналды.

«Елорданың қазіргі заманғы келбетін саманнан салынған, құлағалы тұрған нысандар құртып тұр. Оларды біз қаланың ортасынан да көре аламыз. Сол үшін біз биыл және алдағы жылдары апаттық үйлерден толық арылуды ұйымдастырдық - бұл 228 үй. Осылайша, 3500 отбасы көшіріледі, саяжайлардың барлығы жойылады», - деп атап өтті Ә.Жақсыбеков.