Түрлі бағыттар бойынша идеялар Astana Mall сауда-ойын-сауық орталығында таныстырылды. Көрермендер мен қазылар алқасының назарына мәдениет, спорт, білім, туризм, инфрақұрылымды дамыту салаларын қамтыған жеті жұмыс ұсынылды. Соның ішінде киім-кешек жинауға арналған әлеуметтік контейнерлер, телефондарды қуаттауға арналған автоматтар, ыдыс қабылдайтын фандоматтар бар. Кейбіреулер қалада жүзеге асырылып жатқан жобаларды жақсарту бойынша ұсыныстар енгізді - аялдамаларда автобустардың қозғалысын бақылау, навигациялық ақпарат бекеттерін орнату.
Сондай-ақ, мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорттық құрылғыларды орнату идеясы да айтылды.
Әрбір баяндамадан кейін қонақтарға өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қоюға мүмкіндік берілді. Таныстырылым авторлары өз идеяларын іске асырудың қаржылық жағын да ескерген.
Шақырылған қонақтардың қатарында елорданың Жастар саясаты мәселелері басқармасының, Astana Convention Bureau, Astana Innovations өкілдері және т.б. болды. Шара соңында екі спикерге ынтымақтастық туралы ұсыныс жасалды.
- Жобаның басты міндеттері түрлі бағыттар бойынша идеялар жинау, әкімдіктің қолдауымен үздік идеяларды дамытуға және іске асыруға әсер ететін жағдайларды талдау болып табылады. Бұл - қанатқақты жоба, бірақ болашақта қаланы жақсарту бойынша көптеген идеялар ұсынылатынына сенімдіміз. Алдағы уақытта кем дегенде екі кездесу өткізу жоспарда бар, - деп хабарлады «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әнуар Нұрпейісов.