Астанада қалалық автобустар бағыты өзгеруі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада қалалық қоғамдық көліктің кей бағыттары өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Астана LRT» компаниясына сілтеме жасап.

«Қазіргі уақытта күн сайын көлік бағыттарына талдау жүргізіп жатырмыз, өзгерістер болуы мүмкін. Қазіргі бағыттарға аялдамалар қосылады немесе керісінше, алынып тасталуы мүмкін. Бірақ, 2018 жылы жаңа бағыттарды қосу жоспарымызда жоқ», - деп жауап берді «Астана LRT» баспасөз хатшысы Науат Азанбаева ҚазАқпарат сауалына.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта қала ішінде 63 бағыт жүреді.

«2014 жылмен салыстырар болсақ, қалада 45 бағыт қана болған еді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Біздің қазіргі міндетіміз - қолданыстағы бағыттардың сапасын жақсарту», - деп атап өтті ол.

Сонымен бірге,  Н. Азанбаева жолаушылар тарапынан көп сынға ұшыраған №60 бағыттың өзге автопаркке берілетінін хабарлады.

«Өте аз жүреді деп сыналған №60 бағыт бұрын №2 автопаркке тиесілі еді, қазір оны мемлекеттік №1 автопаркке бердік. Бұл парк өзін жақсы қырынан танытып үлгерген», - деді Н. Азанбаева.