Астанада қалалық таксопаркке электромобильдер сатып алу жоспарлануда

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana City Taxi» жобасына электр автомобильдерді қолдану жоспарлануда.

Бұл туралы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне берген ресми сауалында «Астана LRT» АҚ мәлім етті.

Компанияның хабарлауынша, ағымдағы жылы қаланың такси тапшылығына талдау жасалды. Ол бойынша қалаға қосымша 1500  такси қажет.

«Astana City Taxi» жобасы жолаушылар тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтарды азайтуға, қызмет сапасын және деңгейін жақсартуға, елорданың абыройын жоғарылатуға, қолжетімділікті қамтамасыз етуге, такси саласында қосымша қызмет көрсетуді дамытуға септігін тигізеді.

«Сондай-ақ жобаны іске асыру барысында қалада электр автомобильдерін қолдану мәселесі алғашқы рет пысықталып жатқандығын атап өту қажет. Қазіргі уақытта тарифтік саясат есебі бойынша жұмыс жүргізілуде, такси қызметіне, жүргізушілерді мамандандырылған оқыту бағдарламасына қойылатын кешенді талаптар әзірленуде», - делінген хабарламада.