Астанада қалдықтарды бақылаудың цифрлық жүйесі алғаш рет енгізілді

Фото: Kazinform

АСТАНА.KAZINFORM – Елордада іске асырылған қалдықтарды шығару жүйесін цифрландыру бойынша пилоттық жоба бүкіл Қазақстан бойынша саланы дамытуға негіз болмақ. Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында «Жасыл Даму» АҚ басқарушы директоры Данияр Байғараев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Экология министрлігі мен Астана әкімдігінің бастамасы аясында елде алғаш рет қалдықтарды шығаруды бақылаудың цифрлық жүйесі енгізілді.

– Қазақстан тарихында алғаш рет Астанада әрбір контейнер алаңы мен әр контейнер бойынша қалдықтарды күнделікті форматта жоспарлап, бақылап отыратын цифрлық ақпараттық жүйе іске қосылды, - деді Данияр Байғараев.

Ол жүйеге барлық контейнер алаңдары мен шамамен 18 мың контейнер енгізілгенін, ал қалдықтарды шығару процесі фототіркеу арқылы бекітілетінін түсіндірді.

– Жүргізуші қалдықтарды алуға келген кезде «дейін» және «кейін» фотосурет түсіреді. Жүйе жасанды интеллект арқылы бұл деректерді қайта тексеріп, жалған мәліметтердің алдын алады. Осылайша біз контейнерлердің нақты шығарылғанын білеміз, - деді ол.

Спикердің айтуынша, дәл осы пилоттық жоба ел бойынша қалдықтарды басқарудың болашақ моделінің негізіне айналады. Сонымен қатар ол цифрлық шешімнің нақты нәтижелерін келтірді.

– Жүйе енгізілгенге дейін қалдықтарды шығару бойынша шағымдар саны 200-ге дейін жететін. Қазір ол 99 пайызға төмендеді. Аптасына бір-екі ғана шағым тіркеледі, - деді спикер.

Оның сөзінше, цифрландыру жүйедегі әлсіз тұстарды анықтап, ашық талдау жасауға мүмкіндік береді.

– Цифрлық құралдар – бұл іргетас. Мәліметтерді бағдарламалық кодқа айналдырып, адами факторды азайтпайынша, біз қалдық көлемін нақты бағалап, бұл ақпаратты бизнеске ұсына алмаймыз, - деді ол.

Сондай-ақ цифрлық платформа инвестиция тарту мен қайта өңдеу саласын дамытуда маңызды рөл атқарады.

– Бизнеске нақты деректер қажет, қанша шикізат алатынын және кәсіпорын ашудың тиімділігін түсіну үшін. Мұның бәрі қалдықтарды басқарудың цифрлық платформасы арқылы қамтамасыз етіледі, - деп түсіндірді ол.

Бұдан бөлек, жүйе қайта өңдеушілерге қалдық жеткізудің тұрақты тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

– Біз кәсіпкер алатын шикізат үшін жауап беруіміз керек. Цифрлық құралдар қалдық шығарушыларға тасымалдаушылар мен қайта өңдеушілерді табуға, ал бизнеске қажетті шикізаттың тұрақты жеткізілетінін түсінуге көмектеседі, - деді Байғараев.

Ол сондай-ақ елордада қалдықтарды бөлек жинау мәдениеті қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінде Астанада сары және жасыл контейнерлер бар, қалдықтар құрғақ және ылғалды фракцияларға бөлінеді. Бұрын бұл сұрақ тудырса, қазір тұрғындар сұрыптау қағидаларын түсіне бастады, - деді ол.

Оның пікірінше, болашақта экологиялық жауапты мінез-құлық қалыпты жағдайға айналады.

– Қазір бұл инфрақұрылымдық жоба сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бес жылдан кейін қалдықтарды дұрыс жерге тастамау ұят болады, - деп түйіндеді Данияр Байғараев.

Сарапшылардың пікірінше, елорда тәжірибесін кеңінен енгізу Қазақстандағы қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстанда барит кендері мен техногендік қалдықтарды кешенді өңдеудің жаңа технологиясы әзірленді. Бұл технология құнды компоненттерді алу деңгейін арттыруға және экологиялық жүктемені төмендетуге бағытталған.