Астанада қалпына келтірілген сақ, ғұн, сарматтардың көне жәдігерлері көрмеге қойылды

АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада сақ, ғұн, сарматтардың көне жәдігерлерін қалпына келтірген атақты реставратор, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Қырым Алтынбековтың «Көшпенділер әлемі» атты көрмесі ашылды.

ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында өткен көрме экспозициясына бірнеше ондаған реконструкциялар, көшпенділер дүниетанымының сырын ашатын, бірнеше мыңдық тарихы бар зергерлік бұйымдар, ат әбзелдері мен қару-жарақ үлгілері қойылған. Соның ішінде Есік қорғанынан шыққан «Алтын адам», Аралтөбе қорғанының «Сармат көсемі», «Берел» қорғанынан табылған археологиялық қазбалар, сақтардың салттық қазаны, ғұндардың зергерлік бұйымдары, Түрік империясының байрағы, сақ көсемінің байрағы, хан жұбайларының киім-кешектері елорда жұртшылығының назарына ұсынылған.

«Мен көрмеге еңбектерімнің тек 10 пайызын ғана ұсынып отырмын. Өйткені олардың барлығын елордаға алып келу мүмкін болмады. Мұнда біздің елдің тарихы, мәдениеті қандай болғанын зат түрінде танып, оның алғашқы күйі мен реставрациядан өткеннен кейінгі қалпын көре аласыздар», - дейді Қ. Алтынбеков.

«Тәуелсіздігіміздің арқасында біз жоғалып кетуге шақ қалған бағзы мұраларымызды қайта жандандырып, қайтадан түлетуге мүмкіндік алдық. Бұл жерде мен қола дәуірден бүгінгі заманға дейінгі Ұлы дала тарихын көрсеткім келді», - деп атап өтті ол.

Скифтер, сарматтар мен сақтар біз білетіндей, Еуразияның ұлан-ғайыр даласын біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта мекендеген көшпелі халықтар. Геродот оларды «алтын күзетуші» халықтар, аттармен бірігіп кеткен кентаврлар деп атаған.