Астанада КамАЗ-бен соқтығысқан жеңіл көліктің жолаушысы көз жұмды
16:04, 04 Тамыз 2018
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жеңіл көлік пен жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан 40 жастағы жолаушы көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«4 тамыз күні Байырқұм көшесінде орын алған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сонымен қатар қажетті сараптамалар тағайындалды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Мерседес» маркалы көлігінің 40 жастағы жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Аталған автокөліктің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді», - делінген Астана қаласы ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Алдын ала мәліметтерге қарағанда, «Мерседес» көлігінің жүргізушісі Пушкин көшесі жағынан Байырқұм көшесі бойымен келе жатып, бұрылу кезінде КамАЗ жүк көлігімен соқтығысты. Осының салдарынан көліктер қарсы жолаққа шығып кетіп, тағы бір автомашинамен қақтығысқан.