Астанада кәмелетке толмаған қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген азаматшаға жаза кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының тұрғыны А. есімді азаматша кәмелет жасына толмағанын қыздарды жезөкшелікпен айналысуға еріксіз түрде мәжбүрлеген. Ауданаралық сот үкімімен ол 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Астана қаласы Алматы ауданының прокуратурасынан.

2013 жылдың желтоқсан айынан 2014 жылдың ақпан айына дейін Астана қаласының тұрғыны А. есімді азаматша жасөспірім 13 және 16 жасар қыздарды олардың кәмелет жасына толмағанын біле тұра, жезөкшелікпен айналысуға еріксіз түрде мәжбүрлеген.

Жасөспірім қыздар Астана қаласында хауыздарда интимдік қызмет көрсеткен. А. есімді азаматша жасөспірім қыздарды көлікпен әкеліп, олар қызметін көрсеткеннен кейін, тапсырыс берушілердің ақшасын өзі алған.

«Жәбірленуші қыздар бірнеше рет айналысып отырған істерін тоқтатпақшы болған, алайда сотталушы тұрақты табыс көзінен айырылғысы келмей, оларды қорқытып, жезөкшелікпен айналасуға мәжбүрлеген және оларды 2,5 айдан астам уақыт бойы пәтерлерде қинап ұстаған», - деп атап өтті прокуратурада.

Аталған факті бойынша қозғалған қылмыстық іс Алматы аудандық прокуратурасымен бақылауға алынып, қарау үшін сотқа жолданған. Астана қаласының ауданаралық кәмелет жасына толмағандар істері жөніндегі сотының үкімімен азаматша А. ҚР ҚК-нің 132-1 бабының 2 бөлігімен айыпты деп танылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.