Астанада қандастарға арналған қайырымдылық шара өтті

Фото: Фото: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қаласындағы филиалынан

АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қалалық филиалы қасиетті Ораза айының құрметіне шетелден көшіп келген қандастарға арнап қайырымдылық шарасын ұйымдастырады.

Іс-шара аясында кәсіпкер азаматтардың демеушілік жасауымен жаңадан көшіп келген, тұрмысы нашар көпбалалы және көмекке мұқтаж 20 шақты отбасыға ұн, күріш, жұмыртқа, сұйық май, картоп сынды өнімдері бар азық-түлік себеттері таратылды. 

Фото: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қаласындағы филиалынан

— Рамазан айы — қайрымдылық, ізгілік жасайтын, адамдарға мейрім бағыштайтын қасиетті ай. Біз осы орайда шетелден келіп қоныстанып жатқан қиыншылығы бар отбасыларға аз да болса көмектесейік деп шештік. Қандастарға қолдау көрсету — баршамыздың ортақ міндетіміз. Ағайындарға мейір бағыштау және оларға еліміздің, халқымыздың мейірін сезіндірудің мәні зор деп ойлаймын, — деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қаласы филиалының басшысы Ғалым Үлкенбайұлы.

Фото: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қаласындағы филиалынан

Айта кетейік, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 128 мыңнан аса этникалық қазақ оралды. Мемлекет тарапынан оларды қолдау мақсатында түрлі бағдарламалар іске асырылып, бейімделуге жағдай жасалып келеді. Өткен жылы Қазақстан азаматтығын 20,2 мың адам алды.

Фото: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Астана қаласындағы филиалынан

Оның ішінде 15,6 мыңы немесе 77% қандас. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 25%-ға аз. 2023 жылы 26 828 адам Қазақстан азаматтығын алған еді. Оның 20,5 мыңы — қандас болған. Көшіп келгендердің тең жартысы Өзбекстаннан келген. Қалғаны — Қытай, Моңғолия, Түрікменстан, Ресей және басқа да мемлекеттен қоныс аударғандар.

Бұған дейін, соңғы жылдары Қазақстан азаматтығын алушылар саны 25 пайыз азайғанын жазған едік.