Астанада қандай жағдайларда жерді күштеп тартып алынатындығы анықталды
«Жер құжатта көрсетілген мақсаты бойынша пайдалануы тиіс. Егер жер көпқабатты тұрғын үй салуға деп алынған болса, ол жерде тұрғын үй кешені салынуы шарт. Оның үстіне ол заңмен бекітілген мерзімде салынуы қажет. Егер құрылыс жүргізу үшін сатып алынған жерлер өз мақсатына сай үш жыл пайдаланбай келген болса, ол мемлекетке күштеп қайтарылуға жатады. Ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған жер учаскелері мақсатсыз пайдалануы туралы факті анықталған бес жыл аралықта екі жыл қолданылмай келген болса, ол кезде де күштеп алынуы тиіс», - дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда, Жер кодексінің 33-бабы бойынша, жер пайдаланушылардың жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сай емес немесе белгілі бір талаптарды бұза отырып пайдалануына, пайдалану кезінде жердің құнарлығын кетіретін және экологиялық ахуалға кері әсерін беретін іс-әрекеттерге баруға тыйым салынған. Ол кезде де соттың шешімімен жер учаскелері тартып алынуы мүмкін.
Судьяның айтуынша, егер жер учаскесі мақсатсыз пайдалануы анықталатын болса, екі ай мерзім ішінде жер пайдаланушы жергілікті органдарға хабарласып, оның мақсатын өзгертуіне мүмкіндік бар. Басқа жағдайларда жер учаскелерін күштеп тартып алу шешімі шығарылуы бек мүмкін. Жерді иелігінен алу процесі міндетті түрде тек сот арқылы шешіледі.
Әлімбаеваның сөзінше, осындай арыздың сотқа жетпей тұрып, заңнама жер пайдаланушыларына жер учаскелерін мақсатқа сай пайдалануына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың ұйғарымы шыққан тұстан бастап, жерді мақсатына сай пайдалануға 1 жылдық мерзім беріледі. Демек, егер жер пайдаланушы осы аралықта жерді мақсатты пайдалануды бастамаса, немесе заңбұзушылықтарды жоймаса, шағым сот арқылы қаралатын болады.