Астанада қар күреумен 2,3 мың жұмысшы айналысып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада қардың мол жаууына байланысты коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінің мәліметіне сәйкес, қарашаның 13-інен 14-іне қараған түні елордадан арнайы полигондарға шамамен 3,5 мың текше метр қар шығарылды, бұл 276 рейсті құрайды.

Қыс мезгілі басталғалы барлығы 2 815 ауыр жүк көлігі қала көшелерінен полигондарға 36 мың текше метрден астам қар шығарды.

Ал бүгін Астананы қар мен мұздан тазартуға 2 300 жол жұмысшысы және 1 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды.