«Бүгінгі таңда жалғызбасты егде адамдардың, жетім балалардың қайтыс болуына немесе балалар үйіне көшуіне байланысты олардың пәтерлерінің коммуналдық меншікке көшу жағдайлары тіркелген жоқ.
«Астана қаласының тұрғын үй басқармасы» ММ деректері бойынша ҰОС ардагерлеріне, жасы жеткен зейнеткерлерге, жетім балаларға берілген теңгерімде тұрған пәтерлерді «қара риэлторлармен» қайта сату жағдайлары туралы мәліметтер тіркелген жоқ», - деп атап өтті Нұрғожина.
Қазіргі уақытта Астана қаласы әкімдігінің «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» МКҚК-ы 320 жалғыз басты қарттар пен мүгедектерге қызмет көрсетуде. Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 275 адам толық мемлекеттік асырауға алынған.
Бүгінде елордада жалғызбасты қарт адамдарға күтім көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің саны - 41. Әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы білімі мен жұмыс өтіліне қарай, 50 мыңнан 65 мың теңгеге дейін белгіленген. Әлеуметтік пакет жолақы билетін беруден және демалысқа сауықтыру жәрдемақысын төлеуден ғана тұрады.