Жәрмеңкеде көкөніс, ет және сүт өнімдері, жұмыртқа, сұйық май, бал, сондай-ақ, нан-тоқаш өнімдері мен кондитерлік өнімдер ұсынылды. Бұл өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайыз арзан бағамен сатылуда және тұтынушылардың сұранысына ие. Тауар өндірушілер жалпы сомасы 149,7 млн. теңгені құрайтын 850 тоннаға жуық өнім әкелді.
Қарағанды облысының Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Бауыржан Асановтың айтуынша, жәрмеңкеде ет және еттен жасалған өнімдер - 45 тонна, сүт өнімдері - 8 тонна, 300 мыңға жуық жұмыртқа, 230 тоннадай картоп, 160 тонна көкөністер мен бақша дақылдары ұсынылды.
Сондай-ақ, жәрмеңкеде облыстың әртістері мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana. kz.