Бас прокуратураның мәліметінше, күдіктіні Қазақстанға экстрадициялауға Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің Интерпол ұлттық орталық бюросы және Қазақстанның Испаниядағы елшілігі атсалысқан.
Тергеу деректеріне қарағанда, күдікті екі сыбайласымен алдын ала бетперде мен қолғап дайындаған. Кейін жәбірленушінің үйіне терезе арқылы кіріп, оны күшпен бағындырған және пышақпен жарақаттаған. Күдіктілер үйдегі ақшаны, зергерлік бұйымдар мен электрондық құрылғыларды алып кеткен.
— Қылмысқа қатысушылардың бірі оқиғадан кейін көп ұзамай ұсталып, 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал қалған екеуі тергеуден бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. Іздеуде жүрген күдіктілердің бірі Мадрид қаласында қолға түсіп, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды, — деп хабарлады ведомство.
Бұл қылмыс бойынша сотталған жағдайда күдікті мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жеңгетайлық жасағаны күдікке ілінген Өзбекстан азаматы Грузиядан экстрадицияланғанын хабарлаған едік.