Астанада қарашаның 23-24-інде IV азаматтық форум өтеді

sp;АСТАНА. Қарашаның 21-і. ҚазАқпарат - Астанада қарашаның 23-24-інде IV Азаматтық форум өтеді,

деп хабарлайды елорда әкімінің баспасөз қызметі.

Биылғы форум Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қарсаңында өткелі отыр. Форумның негізгі міндеттері - қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың жетістіктерін паш ету, халықаралық жұртшылықты еліміздегі азаматтық қоғамның даму деңгейі жөнінде хабардар ету, сондай-ақ әлемдік экономикалық дағдарыс ығыттарына сәйкес мемлекет пен ҮЕҰ-ының бірлескен іс-қимылының негізгі бағыттарын белгілеу, 2010-2011 жылдарға арналған азаматтық қоғамды дамыту басымдықтарын айқындау. Форум барысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты одан әрі жетілдіру бойынша ұсынбалар әзірленетін болады.

Дәстүрлі форум екі жылда бір өткізіліп келеді. Биылғы форумға 700-ден астам адам қатысады деп күтілуде. Сонымен бірге, Қытайдан, Үндістаннан, Франциядан,Болгариядан, Әзірбайжаннан ҮЕҰ өкілдері қатыспақ.

Бірінші Азаматтық форум 2003 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Ол азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының жүйелі тетіктерін қалыптастырудың негіздерін айқындап берді.