Жиын барысында кардиология, кардиохирургия, интервенциондық кардиология, аритмология, ядролық медицина, мейірбике ісі салалары бойынша пленарлық отырыс өткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, кардиохирургия, балалар кардиохирургиясы мен ядролық медицина, кардиология және сауықтыру, мейірбике ісі бойынша секциялар жұмыс істемек.
Конгресті ашу барысында Денсаулық сақтау вице министрі Ерік Байжүнісов бүгінгі таңда қазақстандық кардиохирургтар әлемдік стандарттар бойынша жұмыстар атқарып жатқанын, сондай-ақ тек әлемнің таңдаулы елдерінде ғана жүзеге асырылатын жүректің жасанды имплантациясы бойынша жоғары технологиялық бірегей оталарды қазақстандық мамандар да жүргізіп келе жатқанын атап өтті. «Осылайша, Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта тұңғыш рет жүзеге асқан операцияның арқасында Қазақстан осындай жоғары технологиялы бірегей операцияларды жасайтын әлемнің 22 елінің қатарына еніп отыр. Сонымен қатар, өткен тамыз айында ғана Астанада донор жүрегін алмастырып салу бойынша да күрделі операция сәтті өтті. Бұл да біздің мамандарымыздың халықаралық деңгейдегі біліктілігін танытады», деді вице министр.
Тоқтала кететін жайт, ұлттық конгресс жұмысы қыркүйектің алтысына дейін жалғасады. Ал оның аясында 4-6 қыркүйек аралығында ҰҒКО базасында Еуропа кардио-торакалдық хирургия қауымдастығы аясында шеберлік сыныптары өтетін болады.
Тоқтала кететін жайт, Қазақстан ТМД шеңберінде жұртшылыққа кардиохирургиялық көмектер кешенін бірыңғай жүзеге асырып жатқан мемлекет болып табылады.