Астанада «Кардиология», «Даиабетология» және «Онкология» бағыттарында инновациялық жобаларды әзірлеумен айналысатын ғалымдарға гранттар табыс етілді

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанада «Кардиология», «Даиабетология» және «Онкология» аталымдары бойынша өткен «Санофи-Авентис-2010 медициналық гранты» дәстүрлі республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Осымен екі жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан байқаудың мақсаты медицинаның аталмыш бағыттарында инновациялық жобаларды әзірлеумен айналысатын ғалымдарды қолдау және ынталандыру болып табылады. Санофи-Авентис медициналық препараттарды шығарумен, өзінің ғылыми-зерттеу институттарында бұл саланы терең зерттеумен айналысатын әлемдегі үздік фармкомпаниялардың бірі.

«Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» РМК-ның директоры Абай Байгенжиннің айтуынша, гранттардың кардиология, диабетология және онкология салаларына берілуі тегін емес. Қазақстанда аталмыш ауруларға шалдығудың статистикалық көрсеткіштері жоғары және олар ұдайы артып келеді.

Қазақстан Эндокринологтары қауымдастығының президенті Римма Базарбекова атап көрсеткендей, дүниежүзіндегі ересек адамдардың 7 пайызы қант диабетіне шалдыққан. «Қазақстанда бүгінгі күні аталмыш дертке шалдыққандардың саны 175,5 мың адамды құрап отыр, он жыл бұрын бұл көрсеткіш 117 мыңның шамасында болды. Яғни, 10 жылдағы өсім 30 пайызды құрады. Бұл Қазақстанда диабетті анықтау дұрыс жолға қойылмағандығының көрсеткіші», - дейді ол.

Сондай-ақ «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» республикалық мемлекеттік казыналық кәсіпорнының директоры Жеткерген Арзықұлов, Қазақстанда жалпы халық өлімінің 54 пайызға жуығы жүрек-қан тамырлары дерттерінен болатынын атап өтті.

Барлық үш аталым бойынша байқауға барлығы 39 ғылыми жұмыс ұсынылды. Әрбір санат бойынша үш жеңімпаз анықталды. Бірінші орын үшін тағайындалған сыйақының көлемі - 3000, екінші орын үшін - 2000 және үшінші орын - 1000 АҚШ долларын құрады.