Олар жолдың қарсы бетіндегі жолаққа шығып кеткен.
«Астана LRT» ЖШС Көліктік бақылау департаменті жолда жүру ережесін өрескел бұзған үш қоғамдық көлік жүргізушісін анықтады. Олар: №35 бағыттың екі жүргізушісі және №50 бағыт жүргізушісі. Тиісті шараларды қабылдау үшін заңбұзушылықтар туралы материал Астана ІІД Жергілікті полиция қызметіне жіберілді. Жергілікті полиция қызметі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырып, істі сотқа жіберді», - делінген «Астана LRT» хабарламасында.
Өз кезегінде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот жүргізушілерге қатысты алты ай мерзімге көлік құралдарын басқаруға тыйым салып, үкім шығарды.
«Астана LRT» ЖШС Көліктік бақылау департаментінің негізгі қызметі - көлік тасымалдаушыларының қызмет сапасын бақылау. Сондай-ақ, департамент қызметкерлері қоғамдық көлікте жүру ақысын төлемеген жолаушылар мен жол жүру билетін бермейтін кондукторларды қадағалайды», - деп жазды компания.