Астанада Қасиетті Құрбан айтта 28 тонна ет таратылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қасиетті Құрбан айтта 28 тонна құрбандық еті таратылды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінен хабарланды.

«Биыл Астана әкімдігі құрбандық шалу үшін арнайы 8 нысан бекітті. Осы орындарда сегіз мешіттің қызметкерлері мен медресе ұстаздары, шәкірттері және "Зекет" қоры өкілдері қызмет етті. Аталмыш орындарда құрбандық шалу рәсімінің шариғат талабына сай өтуі жіті қадағаланып, құрбандық еттері қабылданды. Қасиетті Құрбан айтта «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық шарасы аясында  3582 отбасына және 40-қа жуық қорлар мен мекемелерге 28 тонна құрбандық еті таратылды»,-деп атап өтілген баспасөз қызметі мәліметінде.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы айтулы мерекеде бірқатар игі шараларға қатысты. «Әзірет Сұлтан» мешітінде елорда жұртшылығымен бірге айт намазына қатысқан бас мүфти осы күні қаладағы жетім балалар үйінде «Аялы алақан» шарасына қатысты. Бейкүнә сәбилерге сыйлықтар таратылып, бата-тілек жасалды.

ҚМДБ наиб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы айтулы мерекенің құрметіне ұйымдастырылған игі шараларға бұқарамен бірге қатысып, жұртшылықты айт мейрамымен құттықтады. Наиб мүфти  ұлық мерекені ұлттық нақышта атап өту мақсатында өткізілген спорттық сайыстарға да қатысып, жамағатты аталмыш аламанда белсенді болуға шақырды (арқан тарту, қол күрестіру, асық ату, тоғыз құмалақ, кір тасын көтеру т.б.). Сайыста топ жарып, оза шапқан азаматтар мешіттің арнайы сый-сияпатына ие болды. Құрбан айт мейрамында балғын балалар мен жеткіншек жастар да назардан тыс қалмады. 200 балаға айттық-сыйлық таратылып, үлкен қаланың кішкентай тұрғындары мерекенің мол қуанышын сезінді.

Сонымен қатар, қала әкімдігінің қолдауымен «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан», «С.Ғылмани» мешіттерінің ауласына киіз үйлер құрылып, бауырсақ, қымыз сынды мерекелік дәм ұсынылды.

 «Нұр Астана» орталық мешітінде қаладағы қарттар үйінің 50 тұрғынына арнайы дастарқан жайылып, «Астана филармониясы» әншілерінің қатысуымен өткен концерт көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Сонымен қатар, Астана қаласындағы қарттар үйінде «Қарттарым - асыл қазынам» атты кездесу ұйымдастырылып,  қарияларға мерекелік дастарқан жайылды. Мешіт имамдары Астана қаласындағы 166/22 және 166/10 еңбекпен түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен кездесіп,  айттық дастарқан жасалып, құрбандық еттері таратылды. Мереке күндері дін қызметкерлері №1 қалалық ауруханадағы емделушілерге де арнайы барып, айттық сый-сияпат жасады», - делінген хабарламада.

Ал Құрбан айт мерекесінің дәстүрлі игі шарасына айналған «Раббың үшін құрбан шал» қайырымдылық акциясы барысында 104 ірі қара мал құрбандыққа шалынды.