Астанада «Қасиеттім - Желтоқсан!» атты кітап жарыққа шықты

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанада Болатбек Төлепбергеннің «Қасиеттім - Желтоқсан!» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепберген «Қасиеттім - Желтоқсан!» публицистикалық кітабында 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісінің шығу себеп-салдары мен оқиғаның өрбу барысын қамтуды көздеген. Сонымен қатар, көтеріліске қатысқан және одан кейінгі кезде азаматтық ұстанымын көрсеткен зиялыларымыздың, жастарымыздың қайсарлығы туралы сыр шертіледі. Автор Желтоқсан көтерілісіне қатысты толыққанды мағлұматты нақты деректермен дәйектейді, желтоқсандық зиялы қауым болмысын ашуға ұмтыла отырып, Желтоқсан көтерілісінің бізге беймәлім қырларын баяндауды мақсат тұтқан.

«Мұнда 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі қалай басталды, шарықтау шегі, аяқталуы қалай болды, одан кейінгі кезеңдердегі оның жағдайы қалай болды деген тұрғыдағы сұрақтарға жауап беруге тырыстым. Кітапта Желтоқсан оқиғасына қатысты Конституциялық соттың 12 томдық материалдары мен мұрағаттар құжаттары пайдаланылды. Сонымен қатар сол кездегі жастардың алаңға беттеп бара жатқан суреттері осы кітаптің құндылығын арттыра түсті», - дейді автор.

Оның айтуынша, кітаптің тағы бір ерекшелігі Желтоқсан оқиғасынан кейін сотталып, датталған 800-ден астам жастардың тізімдері мен олар туралы деректер ұсынылған. Мұндай материалдар бұрын-соңды ешбір кітапта жарық көрмеген.