Астанада кәсіпқой бокс турнирі өтеді

АЛМАТЫ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астанада 27 қыркүйекте кәсіпқой бокс турнирі өтеді. Онда жартылай орта салмақтағы Роман Жайлауов Қанат Артенбаевпен, Фархад Оспанов Жандос Жетпісбаевпен, ауыр салмақтағы өзбекстандық Елиор Гуламов ресейлік Максим Масловпен күш сынасады. Ал супер-жеңіл салмақтағы Мұрат Нұрқасымов пен жартылай ауыр салмақтағы Қанат Әбдірахмановтың қарсыластары әзірге белгісіз боп тұр.

12 раундтық бұл додада Роман мен Қанат Азия бокс кеңесі Паназиялық боксшылар қауымдастығының (PABA) және Қазақстанның чемпионы атақтарын сарапқа салады. Роман бұған дейін 9 кездесу өткізіп бәрін (жетеуін нокаутпен) өз пайдасына шешсе, Қанат 17 кездесудің 10-ында ұтып, бесеуінде ұтылып, екеуінде тең түскен болатын. 2012 жылдан бері кәсіпқой бокста өз бағын сынап жүрген Роман, оған дейін әуесқой бокста 68 кездесу өткізіп, оның 62-сінде жеңіске жеткен. 26 мамырда РАВА чемпионы атанған ол тұңғыш рет өз атағын қорғамақ. Ал 2005 жылдан бері кәсіпқой бокс рингінде өнер көрсетіп жүрген Қанат 2007 жылы Азия бокс кеңесінің чемпионы, 2008 жылы Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) құрлықаралық чемпионы, ал 2009 жылы РАВА чемпионы атағын иеленгенімен, 2010 жылы Еуроодаққа кірмейтін елдердің EBU-EE нұсқасы бойынша чемпион атағы үшін болған жекпе-жекте жеңіліс тапқан еді.

12 раундтық Елиор мен Максимнің жекпе-жегінде Азия бокс кеңесінің чемпионы атағы сарапқа салынады. Е.Гуламов 2010 жылдан бері 10 кездесу өткізіп 8-ін (жетеуі нокаутпен) ұтып, 1-еуінде жеңіліп, 4-маусымдағы соңғы сайсында тең түскен. М.Маслов та 11 кездесуде ұтып (8-і нокаутпен) 1-еуінде ұтылып, 1-еуінде тең түскен. 10 раундтық бұл сында Фархад пен Жандос болса Қазақстан чемпионы атағына таласпақ. Фархад 4 кездесуде ұтып, 2-уінде жеңілсе, Жандос 6 кездесуде ұтып, 6 кездесуде ұтылған. 2012 жылдан бері кәсіпқой бокста 3 кездесу өткізіп, қарсыластарының бәрін нокаутпен ұтқан АҚШ-та тұратын қазақстандық Бақтияр Еюбов үшін бұл 6 раундтық тұңғыш кездесуі болмақ. Ал Мұрат Қасымов пен Қанат Әбдірахманов үшін 4 раундтық бұл сайыс кәсіпқой бокс рингіндегі тұңғыш жекпе-жектері болмақ.