Астанада Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған фитнес орталық 2,3 млрд теңгеге сатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада бұрын Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған Fitnation фитнес орталығы 2,3 млрд теңгеге сатылды. Нысан 3 қарашада өткен электронды саудада жаңа иесін тапты. Бұған дейін оның бастапқы бағасы 30 пайызға төмендетілген.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Спорт кешені Тұран даңғылы, 4/1 мекенжайында орналасқан. Саудаға жалпы ауданы 4 043,4 шаршы метр ғимарат пен оған жапсарлас құрылыстар, сондай-ақ 510 түрлі жабдық пен негізгі құрал шығарылған. Олардың арасында жаттығу залдары, кардиожаттығу аймақтары, бассейндер, SPA кешені мен кеңселерге арналған жабдықтар бар.

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Нысан алғаш рет 15 қазанда саудаға қойылған. Ол кезде бағасы 2,91 млрд теңге болғанымен, сатып алушы табылмаған.

Кейін бастапқы бағасы 30 пайызға арзандатылған. Нәтижесінде 3 қарашадағы саудада кешен 2,3 млрд теңгеге сатылды.

Оны кім сатып алғаны әзірге белгісіз.

Жер телімі сатылған мүліктің құрамына кірмейді. Жаңа иесі жердің құнын кадастрлық бағалау бойынша бөлек төлеуі керек.

Сауда шартына сәйкес, жаңа иесі бес жыл бойы кешеннің нысаналы мақсатын өзгерте алмайды. Ғимарат спорт, сауықтыру және оңалту бағытында жұмысын жалғастыруы тиіс.

Бұған дейін Fitnation Астана әкімдігіне қарасты «Дәулет» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының балансында болған. Мемлекет меншігіне өткен соң кешен ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту үшін де пайдаланылған.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада Қайрат Боранбаевтан тәркіленген қонақүйдің жекешелендірілуі мүмкін екені хабарланған еді.