Астанада қайтыс болған донордың жүрегі 59 жастағы науқасқа сәтті трансплантацияланды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада қайтыс болған донордың жүрегін трансплантациялау операциясы сәтті өтті. Соның арқасында жүрек ауыстыруды ұзақ уақыт күткен 59 жастағы пациенттің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Фото: gorodenkoff / iStock

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 14 шілдеден 15 шілдеге қараған түні Астананың көпбейінді медицина орталығында әлеуетті донор анықталған. Марқұмның туыстары ағза донорлығына келісім бергеннен кейін Трансплантаттау және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық донорлық үдерісті ұйымдастырды.

— Операцияны UMC трансплантологтары жүргізді. Жүрек 1966 жылы туған пациентке сәтті салынды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы операциядан кейінгі кезеңге сәйкес тұрақты, — делінген хабарламада.

Министрлік өкілдері донордың отбасына қабылдаған ізгі шешімі үшін алғыс айтып, донорлық үдерістің сәтті өтуіне үлес қосқан трансплантологтарға, донорлық аурухананың дәрігерлеріне, санитариялық авиация қызметкерлеріне және барлық медицина мамандарына ризашылығын білдірді.

Ведомствоның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда өмірлік маңызды ағзаларды трансплантациялауды 4 739 адам, оның ішінде 125 бала күтіп отыр. Оның ішінде 4 208 науқасқа — бүйрек, 293 адамға — бауыр, 208 адамға — жүрек, 30 адамға — өкпе және 5 адамға жүрек-өкпе кешенін трансплантациялау қажет.

Еске салайық, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ағза донорлығына келісім беретінін айтқан еді.