Аталмыш шараға елімізге танымал ақын, жазушылар мен ғалымдар қатысуда. Кеште жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, драматург, аудармашы, әдеби сыншы, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғ.Мүсіреповтың өмір жолы мен шығармашылығы туралы түсірілген көркем туындылар көрсетілді.
Бүгінгі шараға сонымен қатар кітапхана қызметкерлері арнайы дайындаған Ғ.Мүсірепов пен оның шығармашылығы туралы жазылған кітаптар мен өзге де шығармалардың көрмесі тамашалануда. Кешті жазушы-публицист, ҚР Президенті сыйлығының, Абай атындағы Халықаралық әдебиет сыйлығының иегері, Халықаралық телевизия және радио академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, Сұлтан Оразалы жүргізіп, классик жазушының туындылары мен қазақтың шығармашылық өнеріне сіңірген еңбектері жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негімов, жазушы Әкім Тарази сынды Ғ.Мүсіреповтың көзін көрген замандастары да оның адамгершілік қасиеттері жөніндегі ой-пікірлерімен бөлісті.
«Бүгін қазақтың аса көрнекті классик жазушысы - Ғ.Мүсіреповтың туғанына 110 жыл толды. Мен өмірде ол кісінің жақсылықтарын көп көрдім. Менің жазушы болғаныма, менің Әкім Тарази болғаныма бірден-бір себі тиген азамат - Ғ.Мүсірепов»,- деп еске алады жастық шағын жазушы Ә.Тарази.
Оның айтуынша, қазақтың атақты классикалық кинотуындысы «Қыз Жібек» фильмі сценарийінің авторы Ғ.Мүсірепов екендігін екінің бірі біле бермейді. «Жалпы Ғабең көзі тірісінде талантты жастарға өте көп көңіл бөліп, көп жақсылық жасады. Мені Мәскеуге оқуға жіберген Ғабең. Олжас Сүлейменов, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков сияқты өз заманының заңғар тұлғаларын да Мәскеуге жіберіп оқытқан осы Ғабең еді. Біздің бала кезімізде, жас кезімізде балаша еркелетіп, кітаптарымызды шығарып, Жазушылар Одағына алып келген де Ғабең. Сондықтан ол кісі бүкіл қазақ әдебиетінің қамқоршысы деуге болады», - дейді жазушы Ә.Тарази.