Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.
«24 және 25 наурызда Астанада қазақ-американ жыл сайынғы саяси консультациялардың екінші отырысы өтеді. Шара барысында қауіпсіздік, саясат, демократия мен адам құқықтары, экономикалық және әлеуметтік даму, энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылау жоспарлануда», - деді ресми өкіл.
А.Әбдірахмановтың атап өтуінше, Қазақстан тарабынан консультациялардың тең төрағасы - Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров, АҚШ тарапынан - Мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша көмекшісі Роберт Блейк болып табылады.
Алқалы жиынға еліміздің құзырлы мемлекеттік органдары мен олардың американдық әріптестері қатысады.
Естеріңізге сала кетейік, консультациялардың бірінші отырысы 2010 жылы 8-10 наурызда Вашингтонда өткен болатын. Қазақ-американ консультациялар механизмі 2010 жылы ақпанда ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хилари Клинтон арасында қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес басталған еді.