Астанада Қазақ драма театры салынатын орын белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Қазақ драма театрының жаңа ғимараты салынатын жер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақ драма театрының жаңа ғимараты қаланың Алматы ауданындағы № 23-15 көше (жобалық атауы), А.Байтұрсынұлы және Ж.Нәжімеденов көшелерінің арасында салынады. Осы маңдағы 47 жер телімі 2019 жылдың 18 маусымынан 2020 жылдың 18 маусымына дейін мемлекет қажеттілігі үшін қайтарылып алынуы керек.

«Учаскелер «Объектілерді салу бойынша компаниясы» корпоративтік қорға қоса беріліп отырған сызбаға және қосымшаға сәйкес зерттеу, іздестіру және Қазақ драма театрын жобалау жұмыстарын жүргізу үшін берілген», - делінген Астана әкімдігінің 2019 жылдың 13 наурызындағы 510-382 қаулысында.

Меншік иелеріне және жер пайдаланушыларға мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелері және басқа жылжымайтын мүлік алдағы уақытта иеліктен шығарылатындығы туралы жазбаша хабарлама жолданады. Хабарлама алған сәттен бастап бір ай ішінде әкімдікке тиісті өтініш беру жолымен келісім рәсімдеріне бастама жасауға құқылы.

Қаулының орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің орынбасары А.Әмринге жүктелді.

Еске сала кетсек, 2017 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы театр ғимаратын салуға орын белгіленгенін, алайда ол халықтың келуіне ыңғайсыз болғандықтан әрі көлік жолының қажеттілігіне орай басқа жерге ауыстырылғанын мәлім еткен еді.