«Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер өтіп жатыр. Жақын күндері мердігер ұйым анықталып, монументтің артындағы бағандарына жөндеу жұмыстары басталады. Монументтің өзі қалалық Мәдениет және спорт басқармасының бірлігінде. Колоннаданың жөндеуін қала күніне дейін аяқтаймыз. Шамамен бір аптадан соң бұл жерде жөндеу жұмыстары басталады», - деді Алматы ауданы әкімдігінің абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту бөлімінің жетекшісі Руслан Оралов.
Оның айтуынша, жөндеу кезінде бағандардағы құлағалы тұрған мәрмәр тастар жаңасына алмастырылады.
«Колоннаданың кейбір жеріндегі мәрмәр тастар құлап қалған. Енді бірі құлағалы тұр. Ал су бұрқақтардағы гранитті қаптауға келсек, оның барлығы қалпына келтірілді», - ол.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде «Қазақ елі» монументі алаңындағы тастардың құлап жатқаны туралы қызу талқыға түскен болатын. Белгілі болғандай, алаңның бір бөлігі Алматы ауданының әкімдігіне, енді бір бөлігі «Шабыт» шығармашылық сарайына және бір бөлігі «Тәуелсіздік» сарайына қарайды.
«Біздің барлық құжаттарымыз дайын. Келесі аптада келісімге қол қоямыз. Барлық ескертуді жоюға қажетті қаржы бөлінді. 1 маусымға дейін барлық ақауды жөнге келтіреміз. Шамамен 400 шаршы метр қабырғадағы керамогранит пен 700 шаршы жер төсемдерін жаңарту көзделіп отыр. Кей жерлерде гранит шытынап, жарылған және құлап қалған жерлер бар, бәрі ретелетін болады», - деді Тәуелсіздік сарайы директорының орынбасары Дулат Қожахметов.
Оның айутынша «Тәуелсіздік» сарайы өткен жылы ғана жөндеу жұмысын жүргізген.
«Соңғы рет жөндеу былтыр алаңның басқа учаскесіне жасалды. Біздің аумағымыз өте үлкен. Алаң үлкен. Былтыр шамамен 500 шаршы метр қабырға мен 300 жер төсемін жөндедік. Биылғы жөндеуге 58 млн теңге бөлініп отыр. Бұл ақшаға барлық проблемалық жерлерді жөнге келтіретін боламыз», - деді Д.Қожахметов.
Ал «Шабыт» шығармашылық сарайы «Қазақ елі» алаңындағы өзіне тиесілі аумақты жөндеуге 3 млн теңге бөлуді көздеп отыр.
«Біздің проблемамыз бар. Негізінен ол қар жинайтын көліктер мен тиеуіштердің салдарынан туындаған проблема. Жыл сайын қайталанады және қалпына келтіру жұмысы жүргізіледі. Бұған дейін әкімдік қаржыландырып, бірлесіп жұмыс істеген едік. Енді өз есебімізден жөндейтін боламыз. Бізде жалпы 148 шаршы метр керамогранит зақымдалды. Әлеуетті қызмет көрсетуші анықталысымен келісім жасаймыз. Ол осы аптаның соңына дейін анықталуы керек. Қазір қайта монтаждау жұмысы басталып кетті. Біздің аумақтағы проблемаларды мамыр айының соңына дейін жоюмыз», - деді «Шабыт» шығармашылық сарайының әкімшілік шаруашылық қызметі жетекшісінің орынбасары Дінмұхамед Түймебаев.