Астанада Қазақ КСР Прокуроры Өтеген Сейiтовтiң 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел отырысы өттi

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгiн Астанада ҚР Бас прокуратурасында Қазақ КСР Прокуроры Өтеген Сейiтовтiң 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел отырысы өттi.

Жиынға ҚР Бас прокуратурасының қызметкерлерi, сонымен қатар мерейтой иесiнiң туған-туыстары, балалары, достары қатысты.

Өтеген Сейітов бүкіл саналы ғұмырын Қазақстан прокуратурасына арна­ған аса белгілі заңгер. Білімі жеткілікті, ұйым­дастырушылық қабілеті зор, еңбекқорлығы ерекше жан прокуратура саласындағы баспалдақтардың бәрінен мүдірмей өтіп, абырой биігіне жетті. Соғыс аяқталған соң Өтеген Сейітұлы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес аудан­дық прокуратурасында халық тергеушілігінен бастап, одан кейін облыстық прокуратурада қызмет атқарған. 1951-1962 жылдар арасында Қазақ КСР прокуратурасы бөлімінің прокуроры, Алматы қаласы Кеңес ауданы прокуроры, Алматы облысының прокуроры, Қазақ КСР Прокурорының орынбасары болып қызмет атқарып,өзінің кәсіби ұстанымы арқасында ғана өсті. Өтеген Сейітұлының іс­кер­лік қабілеттері, өткен өмір мек­тебі, жинақтаған тәжірибесі, прокуратура органдарының өзін­дік ерекше орнын бекітуге бағыт­талған ізденістері 1966 жылы, бар болғаны 43 жасында Қа­зақ КСР Прокуроры лауазымына тағайындалуына себеп болды. Сөйтіп, Өтеген Сейітұлы 18 жыл бойы Қазақстан прокуратурасын басқарды. Өтеген Сейітов аса беделді болған. Ол кездегі Одақ Бас прокуратурасының қызметкерлері, одақтас республикалардың прокурорлары оны ерекше құрметтеген.

Өтеген Сейітұлы республика Прокуроры жұмысын қолға алғаннан бастап, прокуратураның басты мазмұны заңдылық пен құқық қорғауды қамтамасыз ету, азаматтардың әлеуметтік-эко­но­микалық, саяси және жеке құ­қықтары мен бостандықтарын қор­ғау, құқық бұзушылықты болдырмау екендігін ерекше айқындайтын көптеген бағыт-бағдарын айқындап, прокурорлық қадағалаудың тиімді тәсілдерін енгізуге күш салды.Талай ізгі істер атқарылды, прокуратура органдарының материалдық және құқықтық саласы жаңаша өзгертілді.