Бұл жарыстың ерекшелігі – әр салмақта биылғы рейтингілік додаларда ең көп ұпай иеленген үздік сегіз балуан кілемге шықты.
Олар сегіз салмақ бойынша чемпиондық атақты сарапқа салды.
Турнир қорытындысында 55 келіге дейінгі салмақта солтүстікқазақстандық Еркебұлан Қалымбековті негізгі уақытта ұта алмағанымен, қоян-қолтық белдесуде осал жерін тапқан қызылордалық Бекжан Төлепов жеңімпаз атанды. Ол сөйтіп өткен жылғы нәтижесін қайталады.
Алматы облысының өкілі Марат Нығматуллаев (60 кг) атыраулық жас балуан Бекарыс Мұратұлын таза жеңді.
Жамбылдық Нұр Аманшүкіров (66 кг) тағы бір атыраулық Нұрболат Ізімғалиевтен қоян-қолтық белдесуде айласын асырып кетті. Жалпы, осы турнирде Атырау облысының Қызылқоға ауданынан қатысқан Айбек Серғазиев жаттықтыратын үш балуан финалға дейін жетті.
Шымкенттік Жұмажан Қожамбеков (74 кг) атыраулық Сағат Ғазимовты, ұлытаулық Айдын Дартаев (82 кг) Абай облысының намысын қорғаған Ерсін Сейітқазыновты ұтты.
Тағы бір шымкенттік Тоқтарбек Айдарбек (90 кг) алматылық Ерасыл Жаңатаевты қапы қалдырды.
Кезінде «Қазақстан барысы» атанған, Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғап жүрген Мұхит Тұрсынов 100 келіге дейінгі салмақта қоян-қолтық белдесуде шымкенттік Марат Байқамұровты сүріндірді.
Аса ауыр салмақта маңғыстаулық, биылғы «Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдегері Нұрдәулет Жарылғапов Алматы облысының өкілі Мәди Еділбаевты таза жеңді.
«Дала қырандары» додасында күтпеген нәтиже де болмай қалған жоқ. Кейбір мықты деген балуандар жарыс жолынан шығып қалып жатты. Мысалы, биылғы «Қазақстан барысының» жеңімпазы, қызылордалық Мақсат Исағабылов алғашқы белдесуінде-ақ Олжас Шынкеевке жол берді.
Бір айта кететін жайт, турнир жеңімпаздары алдағы желтоқсан айында қазақ күресінен өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.