Астанада «Қазақ күшінің картасы» атты арнайы жоба таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының кітап көрмесі мен бірегей жобасының тұсаукесері өтті.
Аталған жиынға танымал журналист, сенатор Бибігүл Жексенбай жетекшілігіндегі «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, сондай-ақ спорт пен мәдениет, білім-ғылым және ақпарат салаларының қайраткерлері мен өкілдері қатысты.
Бұл іс-шарада «Академия» жұмысы мен жоспарлары, қазақтың ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті туралы құнды ақпараттар берілді. Сонымен қатар белгілі күш мәдениетін зерттеуші, спорт мәдениетіне арналған бірнеше кітаптың авторы Абылайхан Қалназаровтың қазақ күресі мен палуандар, асық ату, көкпарға қатысты бірқатар кітаптарының «демо» версиялары және «Қазақ күшінің картасы» атты арнайы жобасы таныстырылды.
Айта кетейік, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы – қазақ халқының барлық дәстүрлі спортын сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған инновациялық орталық. Бұл «академия» ұлттық спорт түрлерінің физикалық, рухани-мәдени және зияткерлік құндылықтарын зерттеп зерделеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді және спорт арқылы елдік рухты күшейтуді көздейді. Ол 17 наурызда ұлттық спорт түрлері зерттеушілері мен ғалымдарының бастамасымен Астана қаласында құрылып, өз жұмысын бастады. Жетекшісі және құрылтайшысы Абылайхан Қалназаров.
Айта кетелік Елордада Момышұлының кітаптары, хаттары мен карталары қойылған көрме ашылған еді.