Астанада қазақ-моңғол бизнес-форумы өтеді
«2019 жылдың 10-12 қазанында Моңғолия Премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанға ресми сапармен келеді. Сапар барысында оның Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Маминмен келіссөздері жоспарланған. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланады», - деді елордада өткен брифингте ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен білім беру, терроризмге қарсы іс-қимыл, қылмыстық және азаматтық істер бойынша құқықтық көмек салаларында екіжақты ынтымақтастықты сапалы, жаңа деңгейге шығаруға арналған бірқатар келісім мен меморандумға қол қойылады.
«Екі елдің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Моңғолия бизнес-форумын өткізу, «Астана» халықаралық қаржы орталығына, халықаралық «Жасыл технологиялар» орталығына және инвестициялық жобалар мен кәсіпорындарға бару жоспарланған. Моңғолия үкіметі басшысының ресми сапары екіжақты мемлекетаралық қатынасты дамытуда маңызды оқиға болмақ», - деді Айбек Смадияров.