Астанада қазақ сайттары редакторларының тұңғыш конференциясы басталды
Конференцияны ашқан «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин: «Осыдан 1-2 жыл бұрын қазақ блоггерлерінің құрылтайы өткен болатын. Енді, міне, қазақ сайттары редекторларының тұңғыш конференциясына жиналып отырмыз. Бұл қазақтілді интернеттің дамып келе жатқандығының көрсеткіші», - деді. Оның айтуынша, тұңғыш рет кең көлемді ұйымдастырылған қазақ сайттарының редакторларына арналған бұл конференция «Қазақ» газетінің шыққанына 100 жыл толуына да орайластырып отыр.
Өтіп жатқан алқалы жиында қазақ интернетінің даму ерекшеліктері мен өзекті мәселелері, дизайны мен техникалық сүйемелдеуін қолдау, коммерцияландыру мәселелерімен қоса IT саласындағы терминология және қаріп мәселесі, жаңа медиа мен қазақ интернет-журналистикасы тақырыптары талқыланбақ.
Конференцияны ұйымдастыру идеясын ұсынған белгілі саясаткер Айдос Сарым мен «Абай-ақпарат» агенттігінің басшысы Дәурен Қуат.
Конференцияда төрт құжат қабылдауды мақсат еткен ұйымдастырушылар, ең алдымен, интернет қауымдастығын, яғни қазақ сайттарының редакторларына арналған құжатты дайындап отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар, қазақ интернетінің дамуын мемлекеттік органдармен байланыстыратын, ауыл-аймақтарға интернет желілерінің баруы, Wі-Fі желілерінің орнауына арналған құжат пен латын қарпіне көшу жайлы құжатты қабылдау да көзделіп отыр.