Астанада «Қазақ тілін оқытудың үлгі бағдарламасын іске асыру тетіктері» атты дөңгелек үстел өтеді

АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Астанада бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті 2012 жылғы 17 тамызда үздіксіз білім беру моделі арқылы «Қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту» әдістемесі негізінде әзірленген

«Қазақ тілін оқытудың үлгі бағдарламасын іске асыру тетіктері» атты дөңгелек үстел өткізеді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

 Дөңгелек үстелге белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, салалық мамандар мен оқыту орталықтарының басшылары қатысады.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бірінші кезеңінде (2011-2013 жылдар) көзделген мақсаттарына сәйкес мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру мен стандарттау арқылы мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту жоспарланған.

Соңғы жиырма жылда қазақ тілін түрлі әдістемелер арқылы оқытуға байланысты еліміздің әр өңірінде әр түрлі оқыту бағдарламаларының пайда болуына әкелді. Сондықтан да қазақ тілін оқытудың ортақ негізгі нормативті құжаты саналатын типтік бағдарламаны қалыптастыру - күн тәртібіндегі өзекті мәселе әрі уақыт талабы.

Мұндай ауқымды жобаларды Тіл комитетінің тапсырысы бойынша «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК жүзеге асыруда.

Оның нәтижесінде тілді оқытудың Мемлекеттік стандарттары бекітіліп, барлық тілді оқыту орталықтары осы стандарттармен қамтамасыз етілді; әр деңгейге қажетті лексикалық минимумдар әзірленді, тілді оқыту орталықтарына жеткізілді; тілдік білімді бағалайтын бағалау құралдары қалыптастырылып, оның дайындалу кітабы баспадан шығарылды; компьютерлік бағдарлама әзірленіп, барлық орталықтарға жеткізілді.

Әзірленіп отырған Қазақ тілін оқытудың үлгі бағдарламасы республикамыздың барлық мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының әдіскерлері, жетекші мамандарының және беделді, тәжірибелі филолог-ғалымдардың бірлесе атқарған тиянақты жұмыстарының нәтижесінде қалыптасты.

Типтік бағдарлама жобасы аймақтарға келісімге жіберілді және тәуелсіз сараптамадан өтті. Сараптама қорытындысы бойынша аймақтардан келген ұсыныстар тізбегі ескеріле отырып, өзгерістер мен түзетулер енгізілді.

Қазақ тілін ересектерге оқытудың барлық жұмыс бағдарламалары тек осы үлгі бағдарлама негізінде әзірленетін болады. Қазақ тілін оқытудың мазмұны мен көлемі нақты белгілі болды, яғни жүйеленді.

Ендігі ретте, аталған типтік бағдарламаны қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.