Астанада қазақы тазылардың көрмесі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – 19 қыркүйекте елордада қазақы тазыға арналған моно тұқымдық көрме мен байқау өтеді, деп хабарлайды Қазақстан кинологтары одағы.

Видеодан алынған скрин

Іс-шара халықаралық ит көрмесі аясында ұйымдастырылады. Көрме қазақы тазыларды шетелдік сарапшыларға, кинологтарға, селекционерлерге және көпшілікке кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.

Көрме барысында қазақы тазылар арнайы сараптамалық бағалаудан өтеді. Мамандар олардың тұқым стандартына сәйкестігі мен сапаларын бағалап, үздік өкілдерін анықтайды.

– Іс-шарада қазақы тазы тұқымын сақтау мен асылдандыру жұмысына ерекше назар аударылады, – делінген ұйымдастырушылардың ақпаратында.

Көрме 19 қыркүйекте Астана – Қарағанды тасжолының бойындағы Prestige Horse Club аумағында өтеді. Қатысушыларды тіркеу сағат 09:00-де басталып, көрменің ресми ашылуы сағат 10:00-ге жоспарланған.

Айта кетейік, қазақ тазысын қалай тануға болатынын мынау сілтемеден біле аласыз.