«Бірілігіміз жарасқан!» ұранымен өткен жартылай финалдың алғашқы күнінде 6 команда өнер көрсетті. «Қызық орда» (Қызылорда), «Нұр-Астана» (Астана), «Достар kz» (Семей), «Әдемі» ( Ақтөбе), «Арал-Ас» (Арал) және «Қазақ Ұлттық университеті» (Алматы).
Командалар 4 кезең бойынша сайысқа түсті. Сәлемдесу - команда туралы жалпы көрініс беру. Дыбыстау - яғни мультипликациялық не болмаса кинофильмдерден алынған үзінділерді дыбыстау. Қайым айтыс -ұсынылған екі ауыз өлеңді ұйқаспен аяқтау. Бір әуенді сайыс - қалжындарды әуенге салып жеткізу.
«Көңілділер мен тапқырлардың» қалжындары әдеттегідей, қоғам мен саясаттағы түйіткілді мәселелерге, елдегі жалпы ахуалдар мен егеменді елдің жетістіктеріне толы болды. Мәселен, Қазақстандағы футбол спортының жағдайы мен Еурокубок аясындағы Бельгиямен және Германиямен алдағы ойындар, Арал теңізіндегі проблемалар мен оның жастардың арманындағы болашақ кейпі, жиырма жылдан астам уақыт бойы құрылысы аяқталмай келе жатқан Алматының метросы, өз елінде төрге шыға алмай жатқан айтыс өнері тілге тиек етілді. Сонымен бірге жастар, бірлігі жарасқан көпұлтты Қазақстанда тұратынын мақтан ететінін, қазақ халқының салт дәстүрлері мен жастар арасында мемлекеттік тілді дамытуға қосып жатқан үлесі зор қазақша КВН ойындарын дамытуға ниетті екендіктерін білдірді.
Ойын барысында алдағы жылдың басында елімізде өтетін 7-ші Қысқы Азия ойныдары барынша насихатталды.
Қазылар алқасының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, талапты да талантты жастарға талмас қанат тілей келе, қазақ тілді КВН бүгінгі күні үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырғанымен, онда жетілдірілуі тиіс тұстар әлі де бар екендігін атап өтті. Мәселен ол, қалжындарды көрермендерге ұсынбас бұрын, сахна мәдениетін сақтау мақсатында оларды әбден сүзгіден өткізу қажеттігін қадап айтты.
Тартысты өткен сайыстың нәтижесінде финалдық ойындарға жолдаманы екі команда - «Достар kz» және «Қызық орда» алды.
Айта кетейік бүгін, қазанның 6-сы күні Конгресс-Холлда республикалық жоғары лига аясындағы жартылай финалдық ойындардың екінші күні өтеді. Өнер көрсететін командалар - «Жигули» (Атырау), «Еркетай» (Ақтөбе), «Серілер» (Семей), «Күлтегін» (Астана), «Қарағанды құрамасы» және «Қорқыт құрамасы» (Қызылорда).
Ақтық сайыс үстіміздегі жылғы қараша айының ортасында өтеді.
Қазақша КВН ойындары «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен өтті.