деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конференцияның мақсаты Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында ұсынған Қазақстанның ел бірлігі доктринасын талқылау болып отыр. 6 түрлі бағытта жүргізілетін секция жұмыстары барысында Қазақстанның ел бірлігі доктринасы жобасының негізгі бағыттарына байланысты өзара пікір алмасылатын болады. Сонымен қатар, басқосуда Қазақстандағы этносаралық қатынастардың ғылыми өлшемдері және осы қатынастардың саяси- құқықтық және әлеуметтік негіздері сияқты мәселелер талқыланады. Бұған қоса жиынға қатысушы ғалымдар мен заңгер мамандар және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері «Этникааарлық қатынастардың қазақстандық үлгісі: тәжірибе мен перспективалар», «Қазақтардың мемлекетқұраушы ұлт ретіндегі әлеуметтік дамуы», «Қазақстандағы этномәдени және тіл мәселелеріне қатысты жағдай» сияқты өзге де бірқатар тақырыптар бойынша баяндама жасайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжановтың айтуынша, Қазақстанның ел бірлігі доктринасы тек дағдарысқа қарсы бағытталған шара ғана емес, сонымен қатар ол еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бері мемлекетте орын алған күрделі мәселелерді тағы бір сарапқа салып шығу болып отыр. «Тәуелсіздік жылдарында мемлекет болашағы жолында көптеген шаралар атқарылды. Бүгінгі заман талабы жаңа, тың көзқарастарды қажет етіп отыр. Бүгінгі біздің талқылауымызға ұсынылып отырған құжат та осындай мақсаттардан туындап отыр», деді Е.Тоғжанов.
Конференция жұмысына ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің президенті, заң ғылымының докторы Мақсұт Нәрікбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, халықаралық сарапшы, саясат ғылымының докторы Раушан Қанапьянова, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық талдау мен сараптау орталығының сектор меңгерушісі Әбдіжәлел Бәкір сынды азаматтар қатысуда.