Астанада «Қазақстан - ғарыш айлағы» көрмесі ашылады

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат - Ертең, 9 сәуір күні «Назарбаев орталығы» ММ-де «Қазақстан - ғарыш айлағы» көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Іс-шараның мақсаты: халқымыз бен мемлекетіміздің игілігі жолындағы отандық ғарыш саласының дамуындағы сәтті де жемісті жұмыстарды көрсету.

Бұл туралы ҚР «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесінің баспасөз қызметі хабарлады.

1961 жылы 12 сәуірде адамзат баласы ежелден келе жатқан арманын тұңғыш рет жүзеге асырды - жердің тартылыс күшін жеңіп, жерді ғарыштан бақылауға мүмкіндік алды. «Восток» ғарыш кемесімен «Байқоңыр» ғарыш алаңынан Юрий Гагариннің көкке самғауы өркениеттің дамуындағы жаңа дәуірді ашты. Жер шарын айналған орбиталық ұшу - көрнекті кеңестік конструкторлардың таланты мен ғарышкерлердің батылдығының арқасында іске асқан алғашқы ғарышқа бастаған қадам болған еді.

Ғарышты бағындыруда Қазақстан тарихтан лайықты орын алады. 2013 жылы 2 қазанда ғарыш кеңістігінде болған тұңғыш қазақ - еңбек сіңірген сынақшы-ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіровтің ерлігіне 23 жыл толады.

«Қазақстан - ғарыш айлағы» көрмесіне Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдары «Назарбаев орталығы» ММ-не сыйға берілген ғарышқа ұшуға қатысты, ғарышкерлерге байланысты материалдар, фотосуреттер, ғарышкерлердің қолтаңбасы қойылған портреттері, төссбелгілері, маркалар, кәдесыйлар келушілердің назарына ұсынылады.

Тақырыпқа сай ұйымдастырылған кітап көрмесі де адамзаттың ғарышты игеру тарихын жан-жақты таныстырып, толықтырып тұрады.

Көрменің ашылуына ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев, дипломатиялық миссиялардың, мемлекеттік органдар және БАҚ өкілдері қатысады.

«Қазақстан - ғарыш айлағы» көрмесі өз жұмысын 14 сәуірге дейін жалғастырады.