2014 жылы 24 желтоқсанда ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы кеңейтілген отырысы өтті. Кеңес отырысына комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. «Әр қаладағы, әр аудандағы, әр ауылдағы жұмыстарға баса назар аудару қажет. Біз оған халықтың барлық әлеуметтік санатын тартуымыз керек. Әр қазақстандық болып жатқан оқиғаларға өзінің де қатысы бар екенін сезінуі тиіс. Өңірлік аспект - болашақ жұмысымыздың басты бағыттарының бірі», - деп атап өтті Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова. Оның сөзіне қарағанда, жергілікті жерлерде этномәдени бірлестіктердің, ғылыми-сараптамалық топтардың Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсетуін қамтамасыз ету қажет, сондай-ақ Достық үйлерінің, этноауылдардың, Ассамблеяның барлық өңірлік құрылымдарының әлеуетін толық көлемде жұмылдыру керек.
11:13, 25 Желтоқсан 2014
Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізу тұжырымдамасы бекітілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның мүшелері 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын мерекелеуді ұйымдастыру мен өткізудің тұжырымдамасын бекітті.