Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Тіл - ұлт және мемлекет негізі» атты дөңгелек үстел өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 19 ақпан күні Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының үйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және «Халықаралық Ана тілі күніне» орай «Тіл - ұлт және мемлекет негізі» атты дөңгелек үстел өтеді, деп хабарлады astana.kz.

Дөңгелек үстелдің басты мақсаты - мемлекеттік тілдің ұлт және мемлекет үшін маңыздылығын, негіз екенін көрсету. Ана тіл ұғымын қалыптастыра отырып, қазақ халқы ана тілінің қоғамдағы басымдылығын, рухани ұйыстырушы, ұлтаралық бірлікті нығайтушы фактор ретіндегі айқын рөлін түсіндіру, сонымен қатар Қазақстандағы этностардың ана тілдерінің дамуы мен сақталуы жөнінде пікір алмасу. Отырыс барысында «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының ұлт руханияты және ел бірлігі тұрғысындағы құндылықтары, ел тұтастығы мен бірлігін, татулығы мен тыныштығын күшейтудегі мемлекеттік тілдің мәртебесі мен орны төңірегінде ой қозғалмақ. Аталған іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Алдан Смайыл, Камал Бұрханов, Розақұл Халмұрадов, Оразкүл Асанғазы, Зухра Саяпова, Әсима Бимендина, Бақытбек Смағұл, зиялы қауым өкілдері Жамбыл Артықбаев, Өмірзақ Озғанбаев, Сұлтан Оразалы, Мұхамбедия Ахметов, Ғарифолла Есім, Қазақстан халқы Ассамблеясы, орталық және жергілікті атқарушы орган, үкіметтік емес ұйым және жастар қозғалыстары, оқу орындарының өкілдері, этно-мәдени бірлестіктер мен жексенбілік мектеп жетекшілері, блогерлер, БАҚ өкілдері және т.б. шақырылды.