деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш фестиваль тамыздың 22-сі күні басталды. Оның аясында қала бойынша балабақшадан бастап министрліктерге дейін 300-ге жуық шара ұйымдастырылды. Олардың 20-сын Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды.
Аталмыш басқарма бастығы Оразкүл Асанғазының айтуынша, тіл мерекесіне байланысты ұйымдастырылған шараларға мектеп оқушылары мен орта және жоғары оқу орындарының студенттері, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың өкілдері, мемлекеттік органдар мен әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері және өзге де көптеген ұйымдардан азаматтар қатысты. Фестивальдің күн тәртібіне сәйкес, қалада дөңгелек үстел отырыстары мен белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесулер, музыка және поэзия кештері, ана тілін меңгеру деңгейіне байланысты түрлі байқаулар ұйымдастырылды.
«Фестивальға қалада жұмыс істеп жатқан ұлттық мәдени орталықтар жыл жайын атсалысатын, биыл да солай болды. Олар өздерінің шеберліктерін мемлекеттік және ана тілдерінде орындалған музыкалық қойылымдар арқылы көрсетті. Бүгінде астаналықтардың қазақ тіліне деген қызығушылықтары оянып келеді. Қазақ тілін қалада тек ана тілін білмейтін қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де ерекше ынта-ықыласпен оқып, үйренуде және олардың аяқ алыстары да жаман емес. Қазақ тіліне деген жарқын көрініс қазір қоғамдық орындарда да біршама оңала түсті», дейді басқарма бастығы.